Данияда дәулеті елден асқан бір көпес өмір сүріпті. Ел арасында көпестің байлығы туралы «Егер оның алтынын жерге шашса, бір үлкен, бір кішкентай көшені жабуға жетер еді» деген сөз тарапты. Көпес ақшаның қадірін білетін жан еді. Сонысына қарай, шыққан бір тиыны өзіне он теңге болып қайтатын. Бірде ажалы жетіп, көпес дүние салады. Артында қалған жалғыз ұлы бар байлыққа ие болып қалады. Ол әкесінің дүние-мүлкін есепсіз жұмсап, қызық дәурен кешеді.
Ысырапшыл бала әкесінің маңдай терімен келген байлығын оңды-солды шашып, соңында тақыр кедейге айналады. Дәулеті барда қасынан табылған достары да оны ұмытып кетеді. Жанында қиналғанда көмек беретін жанашыр жан қалмайды. Ақыр соңында көпестің ұлы бар байлықтан үстінде көнетоз шапаны, аяғында шәркейі, қалтасында төрт теңгесі ғана қалғанын біледі.
Көпестің көрші қалада тұратын мейірімді досы болыпты. Ол марқұм жолдасының ұлының аянышты халін естиді. Жүрегі жұмсақ қария оған көмектескісі келеді. Ол жігітке көне сандық жіберіп, бар дүниесін соған салуды бұйырады. Әрине, айтуға жеңіл, байғұс бала сандыққа салатын бұйым таба алмай әуре болады. Басқа амалы жоқтықтан сандыққа өзі отырады да, қақпағын жабады.
Бұл жай сандық емес, ұшатын сандық еді. Көпестің ұлы сандықтың сиқырлы қасиетін білмейтін. Ішіне отырып, қақпағын жапқаны сол еді, сандық оны аспанға әуелете жөнеледі. Сандық ұшқан қалпы асқар-асқар таулардан, шалқар көлдерден, белес, қырлардан өтіп, бұлттарға жетеді. Сандықтың түбі тарсылдаған кезде жігіттің: «Егер ұшақсандығым күл-парша болып сынса, мен төмендегі тал-теректерге құлаймын-ау!» деп зәресі ұшады. Осылай ойлаған сайын жүрегі аузына тығылады. Дегенмен, ол аман-есен Түркияға жетеді.
Түрік шаһарының маңына келіп қонған сандықтың аузын ашып, көпестің ұлы жерге түседі. Сандығын орманның ішіне апарып, кепкен жапырақтармен бетін жақсылап жауып, ешкім көрмейтіндей етіп жасырады. Кө ңілі жайланып, жақын маңдағы қалаға бет алады. Түріктер үнемі шапан мен шәркей киіп жүретіндіктен, бұның киімін оғаш санаған ешкім болмайды. Қалада ол бала көтерген күтуші әйелге жолығады.
– Айтыңызшы, мына биік терезелі зәулім сарайда кім тұрады? – деп сұрайды жігіт түрік әйелден.
– Онда жалғыз қызы бар патша мен патшайым тұрады, – деп жауап береді әйел.
– Бір сәуегей ханшайымның тағдырын болжап, «Махаббаттан жолың болмайды, тұрмысқа шықпайсың» депті. Сондықтан патша мен патшайым оны ешкім көрмесін деп, сарайдың мұнарасында, елдің көзінен таса жерде ұстайды екен.
Жігіт әйелге алғысын білдіріп, орманға оралады. Ол сандығына отырып, ұша жөнеледі. Сол ұшқаннан тоқтамай, патшаның қызы тұратын зәулім сарайдың шатырына келіп қонады. Ханшайым жатқан бөлменің терезесін ашып, ешкімге білдірмей ішке енеді. Патшаның қызы ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу екен! Ару қаннен қаперсіз мамық төсекте ұйықтап жатыр. Қыздың көркіне қызыққан жігіт оның бетінен сүйіп алады. Ханшайым ұйқысынан шошып оянады.
Сонда жігіт оған:
– Қорықпа, ару қыз! Мен сені көру үшін ұшып келген періштемін, – дейді. Ханшайым жігітке таңдана қарайды. Жігіт оған жақынырақ отырып, қызға ұнайды-ау деген жылы сөздерді аямай үйіп-төгеді.
– Сенің көздерің түпсіз терең көл сияқты мөп-мөлдір, онда сенің ойларың су перісі сияқты жүзіп жүр. Жел тимеген ақ маңдайың қақтаған ақ күмістей, – деп жырлай жөнеледі шешен жігіт. Ханшайым жігіттің сөзіне елігіп, күлімсірейді. Қыздың жүзі жылып, қабағы ашылғанын көрген бозбала:
– О, тіл жетпес сұлуым! Сен менің ертегілерімдегі балаларды судан өткізетін ләйлек құс сияқты көркемсің, – дейді сөзін жалғастырып.
Көпестің баласы ертегілерді майын тамызып, тамаша айтатын. Ханшайым жігіт сөйлеген сайын ынтыға бастайды. Көпестің ұлы осыны байқап, тоқтамай ертегі айтып береді. Ертегісін айтып болып, «Маған тұрмысқа шық» деп ұсыныс жасайды.
– Ертең күндіз осында кел. Патша мен патшайым менің қасымда болады. Олар менің түрік періштесіне тұрмысқа шығатынымды естігенде қатты қуанатын шығар, – дейді ханшайым.
Сөйтіп, қыз жігітке әке-шешесінің ертегі тыңдағанды қатты ұнататынын айтып, ең жақсы ертегі дайындап келуді тапсырады. Сосын сүйіспеншілігінің белгісі ретінде оған алтын тиын сыйлайды.
– Анам ойлы, мағыналы ертегілерді, ал әкем көңілді оқиғаларды жақсы көреді. Сондықтан әрі ойлы, әрі күлкілі хикая айтқаның жөн, – деп ескертеді ару.
– Өте жақсы, – деп жауап қайырады жігіт, – Менің ертегіден басқа тартуым жоқ.
Қоштасар сәтте ханшайым оған тағы да алтын балдақты қылыш сыйлайды.
Жігіт шатырға шығып, сандығына отырады. Орманға ұшып келіп, сандықты орнына жасырады. Қалаға барып, алтын тиынға жаңа шапан сатып алады. Сосын орманға қайта оралып, патша мен патшайымға ұнайтын ерекше ертегі құрастыра бастайды. Келесі күні ертегісін дайындап, сандыққа отырып, ханшайымның сарайына қарай ұшады.
Ал енді ханшайымға келсек, ол әке-шешесіне болған жағдайды айтқан екен. Сонда анасы мағыналы, қызықты хикая айтпаған жігіттің күйеубала болуға лайық еместігін қызына ескертеді.
Бұл әңгімені сарай маңындағы уәзір, қызметшілер естиді. Сөйтіп, олар да ханның сұлу қызынан үмітті періштені көрмекке асығады.
Патша мен патшайым қасына нөкерлерін ертіп, жігітті ықыласпен қарсы алады. Көпестің баласын мол жайылған дастарқан басына отырғызады.
Содан соң патшайым:
– Сен бізге ертегі айтып бересің бе? – деп сұрайды. – Ертегің астарлы, ойлы болсын!
– Ал мен қызықты хикая тыңдап, көзімнен жас аққанша күлгенді ұнатамын, – дейді хан.
– Әрине, айтамын. Ертегіні майын тамызып айтамын, – деп, жігіт дайындап келгенертегісін бастап кетеді.
Көпестің ұлы патша мен патшайымға ойластырған тамаша хикаясын баяндап береді. Тыңдап отырған патша ішегі түйілгенше күледі, патшайым астарына көз жүгіртіп, ойланумен болады. Не керек, жігіттің ертегісі екеуіне де ұнайды. Сөйтіп, патша мен патшайым оның күйеубала болуға лайық екенін мойындайды.
– Біздің қызымыз сенен артық жар таппас, – дейді ханым.
– Дұрыс айтасың, – дейді патша әйелін құптап, – енді сен біздің отбасымыздың бір мүшесісің.
Патша осыны айтып, үйлену тойы болатын күнді белгілейді. Шабармандар жіберіліп, қала халқына ханшайымның тұрмысқа шығатынын жар салып, хабарлайды.
Жақсы жаңалыққа ел қуанады, кішкентай балалар алақайлап жүгіреді. Патша мен патшайым оларға арнап тәтті тоқаш таратады. Көпестің ұлы да өзгеше бір сыйлық жасауды ұйғарады. Ол қаладағы барлық отшашқыштарды сандығына тиеп, аспанға көтеріліп, айқұш-ұйқыш етіп атады. Мұндай салтанатты бұрын көрмеген түрік халқы ханшайымның періштеге тұрмысқа шығатынына күмәнданбайды. Жігіт отшашқыштарды түгел атып болған соң, орманға ұшып келіп, сандығын орнына қалдырып, қалаға оралады.
«Қала халқы мен туралы не айтып жатыр екен? Барып естиін» деп ойлайды жігіт. Ол бекер ынтықпаған екен, ел арасында гу-гу сөз, әңгіме басылар емес! «Мен періштені өз көзіммен көрдім, оның көздері жұлдызша жалтылдайды» дейді біреуі. «Ол оттан шапан тігіп киіпті, қатпарынан кішкентай періштелер сығалап жүреді екен» дейді екіншісі. «Ертең ол ханшайымға үйленеді» дейді үшіншісі. Елдің аузынан өзі туралы әңгімені естіп, жігіт әбден масайрайды.
Кеш батады. Жігіт қалыңдығын көріп келмекші болып, орманға оралады. Келіп қараса, сиқырлы сандығы орнында жоқ. Ол жанып кетіп, орнында күлі ғана қалыпты. Отшашқыштарды атып жатқанда, бір ұшқыны сандыққа тиіп, жігіт қалаға кеткенде шоқ біртіндеп тұтанып, өртеніп кеткен еді.
Сандығынан айырылған көпестің ұлы ханшайымға ұшып бара алмайды. Қалыңдығы сарайдың шатырына шығып, болашақ жарын күтумен болады. Естуімізше, ол әлі де күтіп отырса керек. Ал жас жігіт әлемді шарлап, ертегі айтып жүр дейді. Алайда, патша мен патшайымға айтқандай қызықты ертегіні одан кейін құрастыра алмапты.