Корольдің жаңа жасауы

Корольдің жаңа жасауы
Иллюстрация Ирины Винник

Бұдан көп жылдар бұрын дүниеде бір король өмір сүріпті. Оның әдемі киінгенді жақсы көретіндігі соншалық, барлық ақшасын жаңа киім тіктіруге жұмсапты. Ал салтанатты шеру, театр, қала сыртына серуен жасау дегендерің корольді онда сәнді киімдерін көрсете алатындығы үшін ғана еліктіреді екен. Оның күннің әр сағатына сай киетін киімдері болыпты. Өзге корольдер жөнінде қызметшілері: «Король кеңесте» дегенді айтса, бұған келгенде: «Король киініп жатыр» десіпті-міс.

Бұл корольдің астанасындағы тіршілік те көңілді екен; күн сайын дерлік шетелдік қонақтар келіп жататын көрінеді. Содан, бір күні мұнда екі суайт сап ете қалады. Олар өздерінін тоқымашы екенін және бір көрген адам көз алдына одан асқан ештеңе елестете алмайтындай ғажап мата тоқи алатынын: тамаша әдемі өрнегі мен түсіне қоса, ол матаның тан қаларлық тағы бір қасиеті бар екенін, яғни ол өзіне лайықты орында отырмаған немесе барып тұрған ақымақ адамның көзіне көрінбейтінін айтады.

«Иә, мата деп соны айт! – деп ойлайды король.

Ондай киіммен мырзаларымның қайсысы өз орнына сай еместігін және кімнің ақылды, кімнің ақымақ екенін біле қоямын ғой. Тез арада маған сондай мата тоқып берсін».

Сөйтіп, ол дереу іске кіріссін деп алаяқтарға алдын ала мол ақша беріп жібереді.

Қулар екі тоқыма станок-жабдығын құрып, жігерлене жұмысқа кіріскен болады, ал, шынында, станоктарында тоқитын ештеме жоқ-тын. Беттері шімірікпестен олар мата тоқуға қажет – деп, ең жіңішке жібек жіп пен таза алтын да сұратып алады, оның бәрін өз қалталарына сүңгітіп, таңертеңнен түн ортасына дейін бос станоктардың басында отырады да қояды.

«Жұмыс барысын бір байқап келуім керек еді!» деген ой түседі корольге. Алайда, сол сәтте ол матаның ғажап қасиетін еске алады да, бір түрлі өз-өзінен қуыстанып қалады. Әлбетте, ол ешкімнен сескенбейді, дегенмен де… алдымен басқа біреудің барғаны дұрыс қой! Ал бұл екі арада ғажайып мата хақындағы қауесет бүкіл қалаға тарайды да, әркім-ақ өзіне жақын жүрген жанның ақымақтығына немесе түкке арзымайтындығына көз жеткізуге ынтызар болады.

«Оларға мен өзімнің әділ қарт министрімді жіберіп көрейін, – деген ойға тіреледі король. Бір көрсе, сол көрер матаны: өзі ақылды және өз қызметіне одан лайық жан жоқ».

Сонымен, міне, министр шал бос станоктардың басында сужұқпастар отырған залға кеп кіреді.

«Құдайым, кешіре гөр! дейді ішінен, көзін бақырайта министр. Ойбай-ау, мен түк көрмей тұрмын ғой!»

Тек ол мұны ішінен айтады.

Өтірікшілер оған үлкен ізет көрсетіп мұның жақынырақ келіп, тоқылып жатқан матаның өрнектері мен бояулары жөнінде пікір білдіруін өтінеді. Соны айта тұра, өздері бос жабдықтарды нұсқайды, ал бейшара министр көзін қанша қадағанымен бәрібір дым көре алмайды. Көретін де еш нәрсе жоқ қой.

«О, тәңірім! – деп ойлады ол. Шынымен, мен ақымақ болғаным ба? Үш ұйықтасам түсіме кірмеген ой еді бұл! Құдай сақтасын, біреу-міреу біле қалса!.. Мүмкін, мен өз қызметіме жарамайтын шығармын?.. Жо, жоқ матаны көрмей тұрмын – деп еш мойындауға болмайды!»

— Сіз неге ештеңе демейсіз бізге? – деп сұрайды тоқымашылардың бірі.

— О, бұл тамаша! – деп жауап береді министр шал, көзілдірігі арқылы сығалап тұрып. Қандай әшекей, қандай бояу? Иә, иә, мен корольге сендердің істерің маған өте ұнағанын мәлімдеймін!

— Қолдан келгенінше тырысамыз! дейді де, суайттар алдарында жатқан мата кестесі мен бояулар үйлесімін майын тамыза мақтаса бастайды. Министр мұның бәрін кейін корольге қайталап беру үшін бар ынтасын салып тыңдайды. Ол солай істейді де.

Енді өтірікшілер ақша мен жібекті және алтынды бұрынғыдан да көп талап етеді; алайда, олар тек қалталарын сықай береді, ал іс тігуге бір сабақ та жіп кетпейді. Бұрынғыдай бос станоктардың басында мата тоқыған болып отыра береді.

Содан соң король тоқымашыларға басқа бір беделді төрені жібереді. Ол бұл істің қандай дәрежеде тындырылып жатқанын көріп, матаның қай уақытта дайын болатынын біліп келуге тиісті еді. Бұл мырза да алғашқысының кебін киеді. Ол кезін тесірейте олай да қарайды, бұлай да қарайды, бәрібір, бос тұрған станоктардан басқа ештеме көре алмайды.

— Ал қалай, сізге ұнай ма? – деп сұрайды одан алдаушылар, өңі түгілі түсінде көрмеген матаны көрсеткенсіп, өрнектерін мақтасады.

«Мен ақымақ емеспін, – деп ойлайды төре. Демек, өз орнымда отырмаған болғаным ба? Ал керек болса! Алайда, ешбір сыр білдірмеу керек!»

Сөйтіп, ол көзі көрмеген матаны, әдемі суреті мен бояуларының үйлесіміне таңдана, мактай жөнеледі.

— Тамаша, тамаша! – деп келеді ол корольге.

Көп ұзамай осындай ғажайып мата тоқылыпты – деп бүкіл шаһар гүлесіп кетеді.

Ақыры корольдің өзі де бұл кереметті станоктан алмай тұрғанда қызықтауға ниет білдіреді.

Ішінде матаны бұрын көрген алғашқы екеуі де бар, сарай маңындағылар мен төрелерден сайлап алған бүтін бір топ нөкерімен король бос жабдықтармен тынымсыз жұмыс істегенсіп жатқан өтірікші қос қуға келеді.

— Керемет! Солай емес пе? – деп саңқ ете қалады мұнда бұрын болған төрелер. Көресіз бе? Қандай сурет… ал бояулары ше!

Осылайша, олар қалғандарының бәрі де матаны көріп тур – деп елестетіп, саусақтарымен бос жерді түрткілеумен болады.

«Бұл не шатпақ! – деп ойға қалады король. Мен түк көріп тұрған жоқпын! Бұл сұмдық қой! Ақымақпын ба сонда? Әлде король болуға жарамаймын ба? Бұл бәрінен өткен масқаралық болар!»

— Иә, несін айтасың, өте жақсы! – дейді ақыр соңында король. – Менің мақұлдауыма әбден тұрарлық!

Ол ризашылық кейіппен бас изеп, бос станоктарға төніп, қарай береді, өзінің түк көрмей тұрғандығын мойындағысы келмейді. Король нөкері түгелдей көздерін қанша тесірейтіп қараса да, әміршілерінен артық ештеңе көре алмайды; сонда да бәрі бір ауыздан: «Өте, өте жақсы!» десіп, корольге алда болатын салтанатқа арнап, осы матадан өзіне сәнді киім тіккізуге кеңес берісіп жатады.

— Керемет! Ғажап! Тамаша! деген ғана сөздер естіледі жан-жақтан. Бәрі керемет масаттанады! Король қос қуды жағаға тағатын серілік крест белгісімен наградтап, оларға сарай тоқымашылары деген атақ береді.

Салтанат қарсаңында өтірікшілер түнімен жұмыс істеп, он алтыдан астам шырағдан жағып тауысады, олар корольдің жаңа жасауын дер кезінде бітіру үшін жанын салып жатқандары жұрттың бәріне аян болады. Екі қу матаны жабдықтап алып, оны үлкен қайшыларымен пішіп, одан соң жіпсіз инелерімен тігіп жатқансиды.

Ақырында олар:

— Дайын! – деп хабарлайды.

Король киіну үшін тоқымашыларға нөкерін ертіп, өзі келеді. Алдамшылар әлдебірдеңе ұстап тұрғандай қолдарын жоғары көтеріп:

— Міне, шалбар, міне, қамзол, міне, шекпен! Ғажап киім! Өрмекшінің орынан да жеңіл, кигенде салмағы да білінбейді! Бірақ бар кереметінің өзі сонда ғой! – деп бөсе береді.

— Иә, иә! деседі сарай маңындағылар да, өздері ештеме көрмегендерімен тұрмай алайда, көретін де түк жоқ қой.

— Ал енді, мәртебелі королім, сіз шешініп, үлкен айнаның алдына, мына бір жерге тұруға рақым етіңіз! дейді корольге суайттар. Біз сізді киіндіреміз!

Король тыр жалаңаш шешінеді де, алдамшылар оны киіндіре бастайды: олар корольге киімдерінің бірінен соң бірін кигізіп жатқан болып, ақырында иықтары мен беліне әлде бірдемелер таққансып, бұл кезде олар король желбегейін іліп жатқан, түрлі қимылдар жасайды.

— Құдайым-ай, қалай жарасымды десеңші! Құйып қойғандай-ау! – деп күбірлеседі нөкерлері арасында. Өрнегі қандай, бояуы неткен ашық! Әсем-ақ киім!

— Далда дайын! – деп хабарлайды салтанат басшысы.

— Мен де! – дейді король. Қалай, жараса ма?

Сөйдеп, ол айна алдына тағы бір айналады: өзінін сәнді киімін барынша ықыласпен зерттеп тұрғандығын көрсету керек қой елге.

Король желбегейінің жерге сүйретілген артқы етегін көтеріп жүретін сарай қызметшілері еденнен әлдебірдеме көтеріп алғансиды да, қолдарын алға созып, корольдің соңынан ереді, олар ештеме көрмей тұрғандарын айтпақ түгілі, сездіруге де батпайды.

Сонымен король әсем далда астында қала көшелерімен сән-салтанат құрып келе жатады, ал оны көруге жиналған топ-топ халық:

— Ой, корольдің мына жаңа киімі қандай әдемі еді! Қалай жарасады! Желбегейі неткен әсем! десіп сұқтанады.

Бір де бір адам ештеме көріп тұрған жоқпын демейді, бірде бір адам өзінің ақымақ екендігін немесе өзіне лайықсыз орында отырғанын мойындағысы келмейді. Корольдің бұған дейінгі сәнді киімдерінің бір де бірі жұртты мұндай масаттандырмаған еді.

— Ау, король жалаңаш қой! – деп айқай салады кенет бір кішкентай бала.

— О, жамағат, мына күнәдан пәк сәбидің не деп тұрғанын естідіңдер ме? дейді оның әкесі, сол-ақ екен, жұрт бір-біріне сыбырлап баланың сөзін іліп әкетеді.

— Иә, ол тұттай жалаңаш қой! Мына бала ол жалаңаш – деп тұр! – деп айқайлай жөнеледі ақыры бүкіл халық.

Сол кезде корольдің бойын үрей билейді, оған жұрт дұрыс айтып тұрғандай көрінеді, бірақ салтанатты аяғына дейін жеткізу керек қой!

Сонда да ол өзінің далдасы астында аяғын бұрынғыдан да айбындырақ, маңғаздырақ, керіле басады, ал сарай қызметшілері оның соңынан ілесіп, жоқ желбегейінің етегін демеп келе жатады.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *