Ұсқынсыз үйрек балапаны

Тұнық та терең көлдің жағасында ескі үй бар еді. Үйдің айналасын қалың ши басқан. Сол шидің арасында бір үйрек көптен бері жұмыртқа басып отырған болатын. Бір күні балапандар бірінен соң бірі жұмыртқаны жарып шыға бастады.

– Пи, пи, пи, қандай кең жер! – деп, тар жерден шыққан балапандар анасын айналып жүгіре жөнелді.

– Сендер әлі көп нәрсені көрген жоқсыңдар, – деген анасы, – «өзім де осы маңайдан басқа еш жерді көрмеген екем-ау» – деп ойлады.

Жұмыртқаның қаншасы жарылып, қаншасы әлі жарылмағанын білмек боп, аяғын көтеріп қарап еді, бір үлкен жұмыртқа қалған екен. Үйрек амалсыз жұмыртқаның үстіне қайта отыра кетті.

Осы кезде бір кәрі үйрек жанына келіп:

– Бұл күрке тауықтың жұмыртқасы болуы мүмкін. Оны таста да, өз балапандарыңа еге бол, – деп ақыл берді. – Осынша уақыт бастым ғой, сәл шыдайын, – деді үйрек.

– Өзің біл ендеше, – деп кәрі үйрек кетіп қалды.

Сол сәт үлкен жұмыртқа жарылып, балапанның шиқылдаған үні естілді. Кәрі үйрек балапанға әрлі-бері қарап:

– Қандай ұсқынсыз өзі, расында да күрке тауық тың балапаны болды ғой, басқа балапандарға еш ұқсамайды, – деп ойлады.  «Түк түсінсем бұйырмасын, мына ұсқынсыз балапан шынында менікі болғаны ма?» деп ойлады үйрек-ана да соңғы туған балапанына қарап.

Сұр балапан расында ұсқынсыз еді. Жемді көбірек жегендіктен басқа балапандарға қарағанда тез өсіп кетті және ебедейсіздеу болды. Бауырлары да онымен ойнағысы келмеді.  Ұсқынсыз балапан қатты қамығып, өзін жалғыз сезінді. Анасы оны жұбатпақ болып:

– Кішкентайым-ау, сен неліктен мұндай болдың екен, қалайша басқаларға ұқсамайсың? – деген сайын өзін одан бетер жаман сезінді. Түнде басқаларға  білдірмей  жылап  алатын.
– Ешкім мені жақсы көрмейді, бәрі мені ызаландырады. Неге мен бауырларыма ұқсамаймын? – деп қайғырды ол.

Келесі күні ауа райы сондай тамаша болды. Үйрек балапандарын көлге ертіп әкеліп, жүзуді, сүңгуді үйрете бастады. Балапандар анасының істегендерін қайталап, жүзсе жүзді, сүңгісе, олар да сүңгіді.

Ұсқынсыз балапан да ешқайсынан қалысқан жоқ. «Күрке тауықтың емес, өзімнің-ақ балапаным сияқты ғой, қарашы, өзгелермен бірдей жүзіп жүр» деп ойлады оған сынай қараған анасы.

– Қане, маған қарай жүз, – деді ол ұсқынсыз балапанға мейірлене қарап.

Балапандарын ертіп құстар мекендейтін аулаға келе жатып, үйрек-ана:

– Балалар, біз қазір құстардың ауласына барамыз. Менен алыстап кетпеңдер, – деді. Құс ауласына келгенде, бір үйрек ұс қынсыз балапанды мойнынан тұмсығымен тістеп алды.

– Мұның не? Ол саған ештеңе істеген жоқ қой! – деп анасы шырпыр болды.

– Ол ұсқынсыз әрі қопал! – деді қатыгез үйрек.

– Басқа балапандарыңның бәрі өте сүйкімді. Ал мына балапаның маған ұнамайды.

Ауладағы құстар ұсқынсыз балапанды біресе итеріп жіберіп, жол бермей, енді бірде қорқытып, күн көрсетпейтін болды. Әсіресе, бір қораз байғұс балапанды олай өтсе де, былай өтсе де шоқып, денесін қанатып, маза бермеді. Балапан қайда барса да барлығы оған күле қарап, мазақ етті. Бұл қорлыққа төзе алмаған байғұс балапан ақыры ауладан қашып кетті.

Басы ауған жаққа қарай тоқтамай жүгірген балапан қатты шаршады. Айнала сына қараса, жабайы үйректер мекендейтін сазға келіпті. «Осы жерде қалып, шалшық суды ішсем де күнімді көрермін» деп ойлаған ол, сазда екі күн бойы тапжылмай отырды. Үшінші күні оның жанына ұшуды енді ғана үйреніп жүрген екі жабайы балапан-үйрек ұшып келді.
– Бізбен дос болсаңшы, өзің бір күлкілі екенсің, – деді олар.

Балапан бұл жерде де қалуға болмайтынын тү сінді. Сөйтіп ол бір қамыстардың арасына барып жасырынды. Түн болды. Кенет тарс еткен мылтық дауысы естілді. Зәресі ұшқан балапан қанаттарымен басын бүркеп, жата қалды. Кенет, аңшылардың бір иті оның қасына келіп, тілін салақтатып, ырылдап тұрды да, әрі қарай жүгіріп кетті. «Ұсқынсыздығымнан ит те алды-артына қарамай қашты-ау» деп ойлады балапан.

Арада біраз уақыт өтті. Ұсқынсыз балапан жалғыздықтан жалығып,  жазық даламен тоқтаусыз жүгіріп отырды. Алдынан кездескен ескі үйдің тесігінен кіріп, құлай кетті.
Ол үйде кәрі кемпір тұрады. Оның тауықтары мен мысығы бар болатын. Кемпір ерке мысығы мен күнде жұмыртқа туып беретін тауықтарын балаларындай жақсы көретін.

Кемпірдің көзі нашар көретін еді. Ол балапанды «семіз үйрек екен» деп ойлап, «енді үйректің де жұмыртқасын жейтін болдық» деп қуанды. «Мына үйрек қашан жұмыртқа басар екен?» деп күтумен жүреді. Ал ұсқынсыз балапан бір бұрышта тапжылмай отыра берді.
Бір күні тауық ұсқынсыз балапаннан:

– Сен жұмыртқа туа аласың ба? – деп сұрады.

– Жоқ, – деді балапан.

– Бәлкім, сен пырылдап, әжейдің көңілін аулай алатын шығарсың? – деді мысық.

– Жоқ! – деп жауап береді ұсқынсыз балапан тағы.

Осы кезде есік айқара ашылып, ішке таза ауа кірді. Сыртта күн жарқырап тұр екен.

– Аулаға шыққым келіп тұр. Шіркін, суда жүзсем ғой! – деді тауыққа қарап.

– Қайдағыны айтпашы, арамтамақ, – деп ашуланды тауық, – одан да сен әжейге жұмыртқа туып бер!

– Менің бұл жерде қалғым келмейді, – деді ұсқынсыз балапан.

– Онда басың ауған жаққа кете бер, – деді тауық.

Үйден шығып, өзенге қарай жүгіре жөнелген балапан жүзіп, сүңгіп, әбден мауқын басты.

Жаз өтіп, күз келді. Жел тұрып, жапырақтар сарғайып түсе бастады.  Байғұс балапан суықтан тоңайын деді. Бірде орман жақтан мойны ұзын, аппақ қардай әдемі құстар ұшып шықты. Бұл жылы жаққа бет алған аққулар болатын. Ұсқынсыз балапан соңдарынан ергісі келіп, қанаттарын жайып, бір түрлі дыбыс шығарды. Бірақ қанша талпынса да ұша алмай, суға құлай берді.

Көп ұзамай борандатып қыс та келді. Балапан жүзіп жүрген көл біртебірте мұзға айналды. «Жүзе берсем, мұз қатпайтын шығар» деп ойлаған балапан жүзуін тоқтатпады. Ақыры қатты шаршап, әлі кетіп, мұз үстіне құлай кетті.

Таңертең көлдің жанынан өтіп бара жатқан бір шаруа мұз үстінде талып жатқан балапанды көріп, оны үйіне әкелді. Жылы үйге кірген балапанның денесіне қатқан мұзы еріді. Бойы жылып, балапан есін жиды. Балалардың онымен ойнағысы келді.

Балалардан үріккен балапан үй ішінде қашып жүріп, табақтағы сүтке түсіп кетеді. Сүттен шығып, майға, одан шыға беріп, ұнға барып күмп ете қалады. Әйел ашуланып, балапанды істікпен қуа жөнеледі. Бейшара балапан  ашық тұрған есіктен атып шығып, жаңа жауған қарға күмп етіп кіріп кетеді.

Осылайша талай қорлық пен азапты өткерген балапан қыстан аман шығады. Күн жылып, қар еріп, көктем келеді. Көлге неше түрлі құстар ұшып келе бастайды. Қыстай қамыс арасын паналаған ұсқынсыз балапан да қанатын жайып жіберіп, көлге ұшып шығады. Өзінің қанаттары қатайып өскен екен. Ол гүлдеп тұрған алма бағының жанындағы тоғанға қонады. Кенет ол көл бетінде жүзіп жүрген аппақ, әдемі құстарды көреді. Бұл өткен күзде соңдарынан еріп ұшып кеткісі келген аққулар еді. Оның сол құстардың қасына барғысы келеді. Бірақ өзінің ұсқынсыз түрі есіне түсіп, «тұмсықтарымен шоқып, өлтіріп тастар» деп мұңайды.

Ары ойлап, бері ойлап: «Өзге құстардан қорлық көргенше әдемі құстардың қолынан өлейін» деген шешімге келген ол аққулардың қасына ұшып барады.

«Не болар екен?» деп үрейленген «үйректің» басы салбырап кетеді. Сол кезде ол өзінің судағы бейнесін көреді. Бұл да сұлу аққулардан айнымай қалыпты. Тіпті де ұсқынсыз емес, керісінше, сондай әдемі, аппақ екен.

Өзіне қайта-қайта қарап, қатты қуанған ол, осы уақытқа дейін көрген қорлықтарын ұмытып кетеді.

Ал өзге аққулар қасына келіп, оны тұмсықтарымен аймалай бастайды.
Жағада жүрген балалар бұларға қызыға қарайды.

– Қараңдаршы, аққуларға әне тағы бір әдемі аққу жаңадан қосылыпты! – деп айғайлайды бір бала.

– Иә! Жаңадан бір аққу келіпті, – деп шуылдасады өзге балалар.

– Мына аққу бәрінен де әдемі екен! – дейді үлкендер.

Олар аққуларға нан шашып, ілтипат көрсетеді.

Барлық аққулар жаңа келген аққуға бастарын иеді.

Ал «ұсқынсыз үйрек балапаны» атанып келген құс ұялғандай, қанатымен бетін бүр кеді. Енді оған барлығы сүйсіне, қызыға қарауда. Қас-қағым сәтте ұсқынсыз балапанға айналаның бәрі әдеміленіп кеткендей көрінеді. Бақыттан жүзі бал-бұл жанған аққу қанатын жайып жіберіп:

– Мен ұсқынсыз балапан кезімде осындай бақытқа кенелерімді білсем ғой! – деп қуана дауыстайды.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *